К основному содержанию
Мероприятия

Ұжым сенімін ақтаған – НҰРЖАН!

«Маңғыстауэнергомұнай» Серіктестігі жұмыскерлері арасында өткен «Үздік маман - 2018» сайысының бірінші кезеңі 20 маусымда өтті. Бұл сайысқа серіктестік бөлімшелерінен 13 жабдықты жөндеу электромонтері қатысты.

«Маңғыстауэнергомұнай» Серіктестігі жұмыскерлері арасында өткен «Үздік маман - 2018» сайысының бірінші кезеңі 20 маусымда өтті. Бұл сайысқа серіктестік бөлімшелерінен 13 жабдықты жөндеу электромонтері қатысты. Жетібай кен орнында орналасқан «Жетібай» ӨЭҚ-2 базасында салтанатты түрде ашылған бұл сайыста әр қатысушының теориялық білімі тестілеу сұрақтары арқылы тексерілді. Уақыт шапшаңдығы мен сұрақ жауабының дұрыстылығын саралайтын бұл жарыс сайыскерлердің өз білімдерінің тереңдігін көрсетті.

Релелік қорғаныс, автоматикаландыру және сынақтау қызметінің 4 дәрежелі электромонтері – Қарабалаев Нұржан Қыдырғалиұлы жүлделі орынға ие болды. Байқау ережесі бойынша бір күнтізбелік жылға тарифтік мөлшерлемеден 30% көлемінде қосымша ақы сертификатымен және құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл жеңіс Нұржанға «ҚазМұнайГаз» АҚ еншілес компаниялары арасында өткізілетін жыл сайынғы өз ісінің майталман шеберлерін анықтайтын «Үздік маман - 2018» байқауына қатысуға жолдама болды.

Мәрелік жарыс «ҚазТрансОйл» АҚ оқу-өндірістік комбинаты алаңында өтті. Тәжірибесін нығайтып, білегін сыбанып барған біздің Нұржан бұл жерде де өзін өз мамандығының қыр-сырын жетік меңгерген шебер ретінде көрсетіп, бас жүлдеге ие болды.

Кәрі Каспий жағалауында өткен мерекелік марапаттау шарасында, «Маңғыстауэнергомұнай» серіктестігінің әкімшілік тобы, жас мамандар кеңесі, кәсіподақ әріптесімізге қолдау көрсетіп, құттықтап, марапаттады.

Осы жерде, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстан халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың сөзі, осы жеңістің дәлелі болып табылады: Мен энергетиктерді осы заманның Прометейлері деп бағалаймын. Адамдарға от беріп, жағдайын жақсартқан Прометей тәрізді, “Маңғыстауэнергомұнай” ұжымы қазыналы Маңғыстау даласындағы сансыз скважиналарға қуат беріп, олардың жер астындағы мұнайды сыртқа шығаруына көмектесіп отыр. Ол мұнай алтынға айналдырылып, Мемлекет қазынасына құйылуда. Ол қазына Қазақстан халқының әл-ауқатын жақсартуда.

Осындай ұлы қызмет атқарып жатқан энергетик – Прометейлердің өздерінің аман, отбасыларының бақытты, Отанының қуатты болуын тілеймін!

«Маңғыстауэнергомұнай» ЖШС

Әлеуметтік- әкімшілік тобы